ГУ "Отдел культуры и развития языков"
Официальный сайт государственного учреждения
Главная Мероприятия 2018 Мероприятия
Опубликовано: 04 сентября 2013

 «Ұлытау үні» фестивалі

Ел ішіндегі талай жас дарын иелерінің тұсауын кесіп, өнер айдынына құлаш сермеуіне жол ашқан «Ұлытау үні» фестивалі биыл да жарасымды жалғасын тапты. Халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлы өнеріміздің сақталып, болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында, болашақ өнер жұлдыздарының алғашқы баспалдағы іспеттес болған халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің «Ұлытау үні» аймақтық фестивалі 2013 жылдың 28 ақпаны мен 2 наурызы аралығында ХХІІІ рет жалауын көтерді.
«Ұлытау  үні»  фестивалі   23 жыл  тарихы  ішінде  қаншама  өнер  саңлақтарын     қанат  қақтыртып, қаншама өнерпаздардың    өнер  өлкесіне  тұсауын  кесті.
28 ақпан күнгі фестивальдің  ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының халық әртісі, қазақ радиосының дикторы Әнуарбек Байжанбаевтың 90 жылдығына арналған көркемсөз оқу шеберлерінің сайысына жалғасты. Сайысқа 14 үміткер қатысты. Олар алдымен мәнерлеп өлең оқып, одан кейін прозалық жанрда өнерлерін ортаға салды. Әділ  қазылардың шешімі  бойынша  Бас жүлдені өзінің оқу мәнерімен, сахналық көрінісімен Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің студенті Арман Кенжебек иеленсе, Жезқазған гуманитарлық колледжінің студенті Құндызай Сыздық бірінші  дәрежелі  дипломмен  марапатталып, екінші орынды заң колледжінің студенті Әсел Жұмағұлова, үшінші  жүлделі  орындарды  Талап ауылынан келген үміткер Азиза Аманжолова мен жезқазғандық Мырзағали Қалыбаев өзара  бөлісті.
 
1 наурыз күні Ұлытау ауданы,  Жезді кентінің Мәдениет Үйінде  термешілер сайысы сайысы өтті. Оған  Жезқазған, Сәтбаев  қалалары      мен   Ұлытау   аудандарынан     іріктеуден    өткен     барлығы  10  үміткер   қатысты.  Сайыс аясында халқымыздың  асыл  қазынасы, ата-баба  мұрасына  айналған термелер  толассыз  төгілді.  Жас  өнерпаздардың  орындаушылық  шеберліктері   бірінен - бірі   асып  түсіп  жатты.  Қазылардың шешімі  бойынша жүлделі  бірінші  орынды  жезқазғандық   Мұсылманбек  Жаннұр, екінші  орынды  жезділік  Төребек  Мырзағали, үшінші  орынды  ұлытаулық Шарапов  Ғанибек  иеленді.
«Жұлдыз-2013» жас әншілер  сайысы Сәтбаев кеншілер қаласында өткізілді. Сайысқа Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандары мен Жәйрем, Кеңгір, Талап елді мекендерінен  барлығы 24 өнерпаз бақ сынасты. Қазылар шешімімен Бас жүлдені Сәтбаев қаласының өнерпазы Салтанат Серкебаева иеленді. Жүлделі бірінші орынды ұлытаулық жас өнерпаз Мерей Қайырбек, екінші орынды жезқазғандық Алтынай Төлегенова иеленсе, жүлделі үшінші орынды жәйремдік Талғат Серік пен Талап елді мекенінен келген Азиза Аманжолова бөлісті.
                Сонымен қатар, фестиваль аясында С.Қожамқұлов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Атамекен Жезқазған» атты сазгер, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Бауыржан Әбиевтің және 2 наурыз күні «Шырақ-өмір» атты «Арқаның бала Тайжаны» атанған ақын Бағдат Байжантаевтың шығармашылық кештері болып өтті.
7 наурыз күні Халықтар достығы мен мәдениет Үйінде әдемілік  пен әсемдіктің, мейірім мен шуақтың мерекесі халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге!» атты салтанатты мерекелік концерт-кеш өтті. Дәстүрлі салтанатты  шараға  қаламыздың  нәзік  жандары  жиналды. Қала әкіміінің құттықтауынан кейін концерттік  бағдарламаны  «Шашу» халықтық  ансамблінің  «Еркелер»  биімен  басталды.  Аналарға деген құттықтауларын № 6 Балауса  бала бақшасының  бүлдіршіндері мерекелік  тақпақтарымен, әндерімен  және  көңілді  билерімен  жеткізді. Сонымен бірге,  «Ұлытау  үні»  фестивалінің  жеңімпаздары  Ж.Мұсылманбек, С.Серкебаева, Аманжолова Азиза  әсем  әндерін, көркемсөз   сайысының  Бас  жүлдегері  Арман  Кенжебеков өлең арнады.  Кеш қонақтары Қарағанды  музыкалық  комедия  театрының  солистері  Вячеслав  Лепницкий  мен Елена  Федорова көрермендерге өз  өнерлерін арнады.
8 Наурыз - халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қала әкімінің мыс шаһарының өсіп-өркендеуіне, дамуына лайықты үлес қосып жүрген еңбекте озат, өмірде өнегелі әйелдер қауымының өкілдерімен кездесу кеші өтті. Мерекелік кездесу кең жайылған мерекелік дастархан басында өтті. Мереке барысында  Т.Қалмағамбетов атындағы филармония әртістері, Халықтар достығы мен мәдениет Үйінің көркемөнерпаздар ұжымдары, «Шашу», «Мақпал» үлгілі хореографиялық ансамбльдері өз өнерлерін ортаға салды.
 
Наурыз мейрамы
Жезқазған қаласында 21 наурыз күні Алашахан даңғылына 27 киіз үйлер орнатылып, жұртшылыққа «Наурыз көже» тарату үшін қазандар орнатылып, сол күні киіз үйлерде халық салт-дәстүрлерінен сайыс ұйымдастырылды. «Армысың, әз - Наурыз!» атты мерекелік ұлттық салт-дәстүрлер элементтерімен әрленген театрландырылған шеру басында мерекеге сай безендендірілген автокөліктерде ұлттық киім киген «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелері мен ақ кимешекті қыз-келіншектер отырып, шеруде келе жатқан халыққа мерекелік шашу шашты. Ақ шашумен, ақ батамен басталған мерекелік шеру салтанатты құттықтау рәсіміне жалғасып, Алаш алаңында Серке Қожамқұлов атындағы театр әртістерінің қатысуымен  «Көңіл ашар» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармония әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт және алаңда спорттық шаралар өткізілді. Концерт соңында «Үздік киіз үй» байқауларының марапаттау рәсімі және байқау қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарын марапаттау рәсімінен кейін қаланың көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ұлыстың ұлы күні жұртшылыққа мерекелік сауда, спорт сайыстары ұйымдастырылды. Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық қолөнер бұйымдары ұлықталды. Алашахан даңғылын бойлай тігілген 28 киіз үйлердің алдында ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.
 Ұлық мерекені жезқазғандықтар дүбірлете тойлады. Жаңару мерекесі аясында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, мәдениет және өнер мекемелерінің ұйымдастыруымен қалада көптеген іс-шаралар легі өткізілді.
Наурыз мерекесіне арнап «Жылдың басы – Наурыз!» атты қайырымдылық концерттік бағдармаларымен «Жез әуен» және «Самға» топтары мектеп интернат мен «Үміт» балалар үйінде болып қайтса және Жезқазған тұрғындарына арналған әр сенбі, жексенбі сайын қала халқының мәдени демалысын ұйымдастыру мақсатында өткізілетін «Көңілді әуен кештері»  бағдарламасында  қазақтың дәстүрлері, оның ішінде қазақтың ою-өрнектері туралы түсініктемелер, салт дәстүрін сипаттайтын көріністер, қазақша ойындар көрсетіліп, көрермендерге наурыз көже таратылып, сый-сияпат көрсетілді.
 
 
Дәстүрлі жыл  сайын өткізілетін  балалар шығармашылығының   аймақтық  «Күміс қоңырау», «Әнші  балапан»  сайысында  Жезқазған,  Сәтбаев қалалары  мен   Ұлытау, Жаңаарқа аудандарынан, Жезді, Жәйрем, Атасу кентінен, Талап,  Кеңгір   елді   мекендерінен   келген  жас  өнерпаздар  бақтарын  сынады. Екінші  іріктеу  кезеңіне  қатысқан   43 үміткерден үшінші кезеңге  22  орындаушы   таңдап алынды. Қазылардың   шешімі  бойынша  Бас  жүлдені ұлытаулық  Ілияс Қожадиас  иеленді. Бірінші  орынды Жезқазған  қаласының  «Айналайын»   балабақшасы  «Киелі  домбыра» композициясы  үшін ие  болды. Ал,  екінші  орынды  жезқазғандық   Бейбарыс  Оразай,    Жанел   Әубәкірова  және Сәтбаев   қаласының  «Балауса»  би  тобы  бөлісті. Үшінші    орындарды    ұлытаулық  Аяла Сартай, «Үміт»   балалар   үйінің  тәрбиеленушісі  Кристина Шерстобитова  және Сәтбаев қаласынан  келген   «Балдырған» би  тобы  бөлісті.  Жезқазған  қаласының   №32 балабақшасынан Тасқынова Карина, Сәтбаев қаласының  №23 бөбекжайы, Жезді  кентінің «Таңшолпан» балабақшасы, №31 «Чебурашка» балабақшасы,  Жәйрем кентінен  келген Хасенова  Жанерке мен Сәнерке, Жезқазған кентінің  №13 «Светлячок» балабақшасы  түрлі номинациялар бойынша дипломдармен және бағалы сыйлықтармен   марапатталды.   
 
Қаныш Имантайұлы Сатпаевтың туған күніне орай митинг
2013 жылдың 12 сәуірі күні Жезқазған қаласының Металлургтер алаңында қазақтың біртуар перзенті, ғұлама ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың  туғанына 114 жыл толуына орай митинг өткізілді. Митинг барысында Қаныш Сәтпаев атындағы  № 7 мектеп-лицейінің оқушылары Қаныш ағаның құрметіне өлең жолдарын арнады.Сонымен қатар, Қаныш аға жайлы ән орындалды.
Қаныш аға есімі жезқазғандықтар үшін аса қастерлі екені анық.       Жезқазғандықтар шөл  далада  осы  қаланы  тұрғызу  ісіне  зор  еңбек   пен  мол  үлес  қосқан  Қаныш  Имантайұлының  есімін  құрмет  тұтып Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. 
               Халықтар достығы мен мәдениет Үйінің ұйымдастыруымен 15  сәуірде   «Қозы  Көрпеш -Баян сұлу»   мерекесін  атап  өтудің  мақсаты    сұлулық  пен   инабаттылық   нышандарын жастар  зердесіне  сіңіру,  ұлттық  салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды  сақтауға, елін-жерін, өз тіліне деген сүйіспеншілікті   дәріптеуге   тәрбиелеу.  «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» байқауы  «Үлкен   іске  бастау  болар  байқау»  атты тақырыппен жергілікті газет беттерінде жарық көрді. Байқауға 16-23 жас    аралығындағы   қыздар  мен   жігіттер қатысып, төрт  түрлі  шарт  бойынша сынға  түсті.  Байқау  қорытындысы  бойынша  Бас  жүлдені, яғни «Қозы Көрпеш - Баян  сұлу»  атағын  Жезқазған бизнес және көлік колледжінің студенттері Қайрат Қомар  мен  Махаббат  Зияда   иеленді.  Бірінші   орынды  Мейрамбек  Еркебек  пен  Айдана  Кәтай,   екінші  орынды  Кенже  Ораз бен  Құндызай  Сыздық, үшінші  орынға  Мұхтар  Мағауин   мен  Наргиза  Мұқатаева   ие  болды.
 
Мамыражай мамырмен бірге келген 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін жезқазғандықтар көтеріңкі көңіл-күй, ерекше шабытпен қарсы алды. Мереке әр түрлі ұлт өкілдерінің достығы  мен  ынтымақтастығын бейнелейтін «Қазақстан – достықтың мекені» атты музыкалық-хореографиялық композициямен басталды. Бір шаңырақтың астында берекелі тірлік кешіп жатқан ұлттардың шынайы достығы осы қойылым арқылы көрсетіліп, бауырмалдықтың  белгісін бейнелегендей әсер етті. Мерекелік концертті  «Күміс қоңырау»  және  «Әнші  балапан»  сайысының  жүлдегерлері ашты. Одан кейін сахна төріне татар-башқұрт, неміс, корей, украин-белорус, түркімен ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері шығып, әсем әннен шашу шашты. Т.Қалмағамбетов атындағы филармония әншілері, жезқазғандық жас өнерпаздар Жезқазған көгін әуезді әнге бөлеп, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мерекелік ісшара барысында Алашахан көшесі бойында қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Алаш алаңында киіз үйлер құрылды.
 
          7 мамыр Отан қорғаушылар күні
          Мереке С. Қожамқұлов атындағы театрда салтанатты аталып өтті. Әскер ісінің мерейін өсіріп, мәртебесін арттырған Жезқазған қаласының әскери қызметкерлері, құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері және жиналған көпшілік қауымға Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармония әртістері, «Шашу» халықтық би ансамблі көтеріңкі көңіл сыйлады. Сонымен қатар, кеш барысында Жас Отан қорғаушылар арасында өткізілген қалалық әскери – патриоттық сайыстың жеңімпазы № 8 қазақ гимназиясының жас өрендері өз өнерлерін көрсетті.
               
9 мамыр - Жеңіс күні мерекесіне орай Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері мен құрбандарын еске алуға байланысты салтанатты шеру мен Жезқазған қаласындағы Даңқ аллеясында митинг ұйымдастырылды. Мерекелік Жеңіс шеруін «Жас ұлан» әскери-партиоттық байқауының жеңімпаздарымен салтанатты әсем безендендірілген арнайы мерекеге дайындалған лимузиндерге отырғызылған мереке иелері, соғыс ардагерлері  бастады. Даңқ аллеясын екі жақтан «Болашақ», «Жас ұлан» ұйымдарының мүшелері, қала мектептерінің оқушылары «жанды коридор» жасап қоршап тұрды. Митингте мәңгілік алау маңында сахна төрінен ардагерлер орын алды. Салтанатты рәсімнен соң Жеңіс тойы Алаш алаңында жалғасын тапты. Ардагерлер киіз үйлерге бөлініп, мерекелік дастарханнан дәм татты. Сонымен қатар, мерекелік іс-шараға қатысушылардың барлығына «солдат дастарханы» мәзірі ұсынылды. Ал, киіз үй маңында құрылған сахнада мерекелік концерт берілді.Мерекелік концерт «Жезқазған  маржандары»  ардагерлер  хорының  орындауындыағы  «Жасай  бер,  Қазақстан!», «В лесу прифронтовом» әнімен  басталды.  Концерт   «Жас қазақ», «Бейбіт  күн  тілегі», «Синий платочек», «Әлия», «Несовместимы  дети и война», «День Победы», «Сарбаздар», «Катюша», «Ұрпақ  әні», «Жойылсын  соғыс», «Жеңіс  туы» әндерімен жалғасты. Концерт барысында «Шашу» халықтық би ансамблі, «Мақпал», «Нұрсәулемай» үлгілі би ансамбльдері, Т.Қалмағамбетов атындағы филармония әншілері мен қала көркемөнерпаздары көрермен назарына ән мен биден  шашу шашты.  Кешкілік Даңқ аллеясында қала жұртшылығына арналған мерекелік концерт, отшашу ұйымдастырылды.
 
                Мамыр  айында «Нұрсәулемай»  үлгілі би ансамблі  мен «Шашу» халықтық ансамблі  жылдық  есептік  концерттерін  берді.  «Нұрсәулемай»   үлгілі   би   ансамблінің    даярлық,   кіші,  орта,   үлкен топтары өнер  көрсетті. Есеп беру концертінде ансамбль  қазақ, өзбек, аджар, кәріс, хорезм, үнді халықтарының билерін биледі. Концертте киелі Ұлытау жерінде  «Оймақтар»  биіне түсірілген  бейнебаянның және Қазақстан Республикасының  Мәдениет   қайраткері  Нұрлан  Еспанов  сөзі мен әніне жазған  «Нұрсәулемай»  ансамблінің   гимні  мен  биінің  тұсауы  кесілді.
           «Шашу»  халықтық  би   ансамблі  есеп  беру  концертіне жылдағы  дәстүр бойынша «Үміт» балалар  үйінің тәрбиеленушілері қонақ ретінде  шақырылды. Биылғы  концертте  жоғары  буын  бишілерімен  қатар  орта  буын және  кіші  топ бишілері  де   жоғары деңгейде  өнер  көрсетті.
 
31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Жезқазғанның тоталитаризм құрбандарына арналып қойылған стелла қасында қала жұртшылығының қатысуымен митинг өтті. Митингте сөз сөйлегендер тоталитарлық жүйе құрбандарын еске алып, солақай саясаттан жапа шеккендердің есімі мәңгі сақталатынын айтып өтті. Кеш соңында қаланың бас имамы сол жылдарда қайтыс болғандардың әруағына құран бағыштап, жиналған жұртшылыққа шелпек таратылды.
 
1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне арнап барлық мәдениет ошақтарында танымдық ойындар, кештер мен кездесулер ұйымдастырылды. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен  С. Қожамқұлов атындағы театрда балалар ақыны Ернұр Сейдахметтің «Балдәурен» атты шығармашылық кеші өтті. № 13 орта мектептің оқушылары автордың «Тентек доп», «Қашан үлкен боламын?» кітаптарынан үзінділер оқып, театрдың қуыршақ труппасының артистері ақын өлеңдерінің сюжетінен шағын көріністерді жас көрермендердің назарына ұсынды. Кеш барысында ақын өлеңдерінің  кейіпкерлерін сомдаған қуыршақ труппасының әртістері балаларды ғажайып әлемге жетелеп, ән айтқызып, би билетті. Фойеде ақын Ернұр Сейдахметтің шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды.
 
4 маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні тарихымызда ерекше айтулы күн. «Елдіктің белгісі, егемендіктің айғағы» атты рәміздер күніне арналған ісшара Алаш алаңында өтті. Қала тұрғындары, мектеп оқушылары мен студент жастар жиналған ісшарада Т.Қалмағамбетов атындағы филармония, Халықтар достығы мен мәдениет Үйінің көркемөнерпаздары өнер көрсетіп жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен  қатар, Алаш алаңында өткен мемлекеттік рәміздерді ұлықтаған  салтанатты іс-шарада Республика бойынша бір мезетте еліміздің Әнұраны шырқалып, мереке қатысушылары да  бір кісідей орындады.
 
22 маусым күні«Жезқазғанның жұпар қымызы» атты аймақтық фестиваль-жәрмеңкесіне Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарынан және Кеңгір, Талап, Теректі елді мекендерінен 13 қымыз өндірушілер қатысты. Фестиваль – жәрмеңке аясында Т.Қалмағамбетов атындағы филармония әртістері, Халықтар достығы мен мәдениеті Үйінің көркемөнерпаздарының концерті өтті. Сахнадақымыз ішуден, жілік сындырудан, асық атудан, арқан тарту, қол күресі, кір тасын көтеруден жарыстар, викториналық ойындар өтті. Бас Жүлдені Жаңаарқа ауданынан келген қымыз өндіруші Айсұлу Шуланбаева иеленсе, І орынды Жеңіс ауылынан келген Кәукен Бахтиярова иеленсе, жүлделі ІІ орынды Кеңгір елді мекенінен келген Ерғали Тұрғанбековтың шаруа қожалығы мен Талап елді мекенінен келген Аманжол Ағайдаров бөлісті. Жүлделі ІІІ орынды Жаңаарқа ауданынан келген Әлимаш Бердалина, Сәтбаев қаласынан келген Әліп Наурызбаев және Қорғанбай елді мекенінде орналасқан «Дайрабаевтар» шаруа қожалығы иеленді. Қалған қымыз өндірушілер және әр сайыстың жеңімпаздары мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
 
6 шілде күні Алғашқы құрылысшылар алаңында Астана күнін мерекелеуге арналған ісшара өтті. Қазіргі жастар  ертеңгі күннің дарынды өкілдері демекші, Астана күні мерекесі қарсаңында жезқазғандық жас өрендер «Жас қыран» және «Жас ұлан» Біріңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына қабылданды. «Жас Ұлан» ББмЖҰ Әнұраны орындалып, «Жас Ұлан» және «Жас қыран» Біріңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының Анты салтанатты түрде айтылды. Оқушылар сарайы бекіткен тәртіп бойынша галстук, төсбелгі тағылды.
                Мектеп оқушылары, колледж студенттері, театр әртістері Астана туралы жырларын оқыды. Сонымен қатар Елордамыздың 15 жылдық мерекесі күні 15 жасқа толып отырған ұл-қыздарына, яғни бас қаланың құрдастарына сыйлықтарға табыс етілді.
                Астана халықтар арасындағы татулық пен бірліктің шаңырағы демекші  Астана күніне орай «Нұрсәулемай» үлгілі би ансамблінің қатысуымен «Қазақстан –достықтың мекені, Бәйтерек – бірліктің ұясы!» атты арнайы әзірленген хореографиялық композиция тарту етіліп, Т. Қалмағамбетов атындағы филармония әртістері Астана туралы әндер орындады.
 
«Көңілді әуен кештері»
Жезқазған қаласы әкімінің бастамасымен, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қолға алынған «Көңілді әуен кештері» Жобасы халықтың бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізу, әр сенбі күндері көпшіліктің демалыс сағаттарын көңілді түрде ұйымдастырудың тиімді бір формасына айналып отыр. «Көңілді әуен кештері» мәдени-демалыс бағдарламасы  жаз айларында Металлургтер саябағында, қыс мезгілінде Халықтар достығы мен мәдениеті Үйінде өткізіліп тұрады. Бағдарлама аясында сағат жетіден тоғызға дейін үлкендерге, қарттарға арналған, ал сағат тоғыздан он жарымға дейін жастарға арналған концерттік бағдарлама көрсетіледі. Бағдарлама көптеген жас өнерпаздардың шыңдалып, олардың кәсіби деңгейінің қалыптасуына ұйытқы болуда. 2013 жылдың І жарты жылдығында 43 көңілді әуен кештері өтті. «Көңілді әуен кештері» мәдени-демалыс бағдарламасы аясында 5, 25 мамыр күндері Жезқазған музыкалық колледжінің және «СЭР клуб» эстрадалық тобының концерттері өтті.