ГУ "Отдел культуры и развития языков"
Официальный сайт государственного учреждения
Главная Мероприятия 2018 Творческие вечера
Опубликовано: 04 сентября 2013

 Жазушы, ақын, драматург, аудармашы, қаламгер Кенжебай Ахметовтің «Қоңыр өлең. Қоңыр күй...» атты әдеби шығармашылық кеші

 
2013 жылдың 17 наурыз күні С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған сазды-драма театрында Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жазушы, ақын, драматург, аудармашы, қаламгер Кенжебай Ахметовтің «Қоңыр өлең. Қоңыр күй...» атты әдеби шығармашылық кеші өтті.
Екі бөлімнен құралған бұл кештің бірінші бөлімінде драматург Кенжебай Ахметовтің Серке театры сахнасында «Шырға алаңында» атты драмасы жұртшылық назарына ұсынылды. Спектакль соңы «Қоңыр өлең. Қоңыр күй...» атты әдеби кешке жалғасты.
Кеш иесін құттықтауға ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ибрагим Исаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, тарихшы Қойшығара Салғараұлы, ақын, драматург, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбеков, «Әлем әдебиеті» журналының редакторы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Думан Рамазан, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, әнші Серік Оспанов, күйші, ҚР Президенті сыйлығының иегері Жанғали Жүзбаев, «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков, әйгілі айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан бір топ өнер адамдары арнайы келіп, ыстық ықыластарын білдірді. Кеш ақынның төлқұжатына айналған жырлармен жалғасты.
Кенжебай Ахметовтің әулетінің ғана емес, Жезқазғандықтардың тойына айналған бұл кеште Кенжебай Ахметовтің жерлес қаламдас достары да өздерінің жүрекжарды  тілектерін білдірді. Кеш соңында Т. Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншісі Гүлдәурен Жидебаеваның орындауында Кенжебай Ахметовтің «Өмір-арман» әні орындалды. Бұл ән К. Ахметовпен келесі кездесуіміздің шымылдығын ашар ән болатынына сеніміміз мол.
 
ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшеновтің ән кеші
Жезқазған қаласының халықтар достығы мен мәдениет Үйінде 2013 жылдың 28 наурыз күні ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшеновтің «Япыр-ау, кеше ғана емес пе еді?...» атты ән кеші өтті.
Бұл ән кеші Береке ағаның зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі алғашқы концерті, көпшілікке деген көңіл ризашылығын жеткізсем деген алғыс концерті болды. Кеш барысында Береке Көшеновтің орындауында «Жезкиік», «Кездесу», «Ұлытау», «Жылдың басы - Наурыз», «Толағай», «Тұнығым», «Алқасындай арқаның», «Аулың сенің іргелі»   және әншінің бойтұмарына айналған «Жанарым» әндері орындалды.
Әншіге Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, ҚР мәдениет қайраткері Салтанат Сүлейменқызы, Т. Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының директоры Рахмет Кәкімбекұлы,  С. Қожамқұлов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Жанботаев Досжан Әбдірәлімұлы жылы лебіздерін білдірді.
Әнші үшін ең жоғарғы құрмет, ең жоғарғы марапат – халықтың махаббаты, халықтың құрметі. Өнерпаздың шын дарын иесі екенін мойындаған халық оны алақанына салды. Тоқтаусыз соғылған шапалақтар осы ән кешінің көпшілік көңілінен шыққанының белгісі болып табылады. Береке Көшеновтің кеші сол марапаттың, сол құрметтің  айғағы болды.
 2013 жылдың 7 тамыз күні топырағына алтын-күміс дарыған кенді қаланың төрінде орыны ерекше оқшау той болды. Ұлытау бауырын жайлаған, жалпақ жұрт кез келгенге алдыра бермейтін асқар шыңы бар, айдын шалқары, асу-биігі бар, шаршатып-шалдықтырар бұралаң жолы бар  90 дейтін жастың төріне шыққан ақсақалына құрмет көрсетті. Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан театр қайраткерлері Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, журналист, жазушы, драматург, еңбек ардагері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Апбаз Қаражігітов 90 жасқа толды.
С. Қожамқұлов атындағы қазақ сазды-драма театрында 90 жасқа келіп, топ бастап отырған қаламгердің өмір жолы,  қол жеткізген табыстары туралы «Тоқсанның тарау жолдары» атты бейнефильм көрсетілді. Мереке иесін дауылпаз үнімен киелі, құтты тақпен сахна төріне алып шықты.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Ғазиз Ештанаев жазушы Апбаз Қаражігітовтің шығармашылық жолы жайлы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар ақ қағаз бен қаламды серік етіп, жазуды жан азығы санаған қаламгерге қала әкімі, Қазақстан Жазушылар одағы, Ардагерлер кеңесі ыстық ықыластарын білдірді. Жас оқырмандар арқалы тойға өз құттықтауларын арнады.
Мереке барысында Серке театрының әртістері Апбаз Қаражігітовтің «Жанайқай» повесінің үзіндісі бойынша әзірленген көрінісі қойды. Той иесі отырған тақ алдына мекеме өкілдері ықылас гүлдерін қойып, сыйлықтар табыстап, 90 дейтін жастың төріне шыққан ақсақалдың қолын алып, құрмет көрсетті.
Сонымен қатар, жиналған көрермен драматург Апбаз Қаражігітовтің «Баубек» атты драмасынан үзінді тамшалады. Апбаз ағаның бауыры, сырласы, рухани серігі, досы саналатын шығармашылық интеллигенция өкілдері, өнердегі, мәдениет саласындағы, журналистика, қаламгерлік жолдағы бауырлары, атап айтқанда, Досжан Жанботаев пен Батырбек Мырзабеков сынды шығармашылық адамдары құттықтап, естелік сыйлықтарын табыс етті. Мереке соңында мерейтой иесі, қадірлі қаламгер, ардақты ақсақал Апбаз аға жиналған көпшілікке алғыс сөзін білдірді. Қала әкімдігі мерейтой иесіне темір тұлпар мінгізді. Мерейтой иесінің құрметіне отшашу шашылды.