ГУ "Отдел культуры и развития языков"
Официальный сайт государственного учреждения
Главная Мероприятия «Ұлытау үні» фестивалі көрерменімен ХХІХ рет жүздесті

«Ұлытау үні» фестивалі көрерменімен ХХІХ рет жүздесті

Опубликовано: 27 марта 2019

Жыл сайын Жезқазған қаласында дәстүрлі түрде өтетін халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің аймақтық «Ұлытау үні» фестивалі биыл жалауын ХХІХ рет көтерді.

           Өнерге ұмтылған жастардың басын қосып, өнерлерін шыңдап, үлкен сахнаға жолдама беретін «Ұлытау үні» фестивалі өнерлі де талантты, талапты да дарынды жастарды іздеп, оларды көпшілікке танытуды көздейді. Өйткені, дәл осы өнер фестивалінен қанат қаққан өнерпаздар бүгінде республикалық, халықаралық сахналардан көрініп жүр. Бұл- үлкен мақтаныш, зор жетістік.

           Халықтық өнерді насихаттап, ел арасындағы өнерпаздардың қанатын қатайтуды мақсат тұтқан өер мерекемінің ашылу салтанатына қала басшылығы, мекеме басшылары, өнерді қадірлейтін қала жұртшылығы және жергілікті өнерпаздар қатысты.

           Салтанатты шара концерттік бағдарламамен және фестиваль аясында Тайжан Қалмағамбетовтың туғанына 140 жыл толуына орай еске алу концертімен жалғасын тапты. Шара соңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Сүлейменқызы Нұрлыбаева сөз сөйлеп, кешті қорытындылады.

           «Ұлытау үні» фестивалінің екінші күні де маңызды іс-шараларға толы болды. Бұл күні Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында ағаш шебері, суретші Александр Кузнецовтың «Шебер қолдың шуағы» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрменің ашылуына қалалық мәдениет және тілдер бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева, Александр Кузнецовтың отбасы және қала тұрғындары қатысты. Салтанат Сүлейменқызы көрмеге келушілерді көрменің ашылуымен құттықтап, суретшінің жары Тамара Кузнецоваға Алғыс хат пен естелік сыйлық тарту етті.

           Жиырма тоғызыншы рет алауын жағып, жалауын көтерген аймақтық «Ұлытау үні» фестивалі мысты өлкені ән мен жырға бөледі. Өнер мерекесінің ажырамас бөлігі – «Жұлдыз» жастардың эстрадалық әндер конкурсы. Конкурсқа қатысуға Жезқазған, Жаңаарқа, Ақадыр,Сәтбаев және Қарсақбай кентінен 12 өтінім түскен. Байқау шарты бойынша ән орындаушы әнші қыз-жігіттер тындарман қауымға өз таңдауы бойынша екі ән ұсынды. Жеңімпаздарға арнайы дайындалған «Ұлытау үні» фестивалінің сувенирі мен дипломдар тапсырылды.

           Фестиваль аясында  ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшеновтың 70 жас мерейтойына арналған «Ән-ғұмыр» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Елдің құрметіне бөленіп, абырой биігінен көрінген әншінің шәкірттері мен тындарманы, замандастары, сырлас достары мен туған-туыстары сол кездесудің қадірлі қонағы болды. Кеш иесіне ақ тілегін арқалай жеткен тындармандарының алғашқысы болып қала басшысының орынбасары Зина Ақылбекова құттықтау сөз сөйлеп, қала әкімі Қайрат Бегімовтың құттықтауын жеткізіп, мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Жиналған көпшілікке әншінің өмірі мен өнерінен сыр шерткен шығармашылық кешті көзтартар отшашу мен Береке Көшеновтың орындауындағы «Өз елім» әні түйіндеді.

суретші Александр Кузнецовтың «Шебер қолдың шуағы» атты көрмесінің