ГУ "Отдел культуры и развития языков"
Официальный сайт государственного учреждения
Главная Информация «Өнер өлкесінің Жезкиігі» Жақсыкелді Сейілов атындағы республикалық әншілер конкурсында орындалатын әндер

«Өнер өлкесінің Жезкиігі» Жақсыкелді Сейілов атындағы республикалық әншілер конкурсында орындалатын әндер

Опубликовано: 19 апреля 2019

АНА ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

 

Әні Ж.Сейіловтікі,  сөзі А.Шәмкеновтікі

 

Әлі есімде, біледі жұрт, біледі,

Ел басына қатер төнген жыл еді.

Қимастарын қан майданға ұзатып,

Қарс айрылған аналардың жүрегі.

 

Қайырмасы:

О, аналар, осындайсың бәріңде,

Осындайсың жасың-дағы, кәрің де,

Сыйынатын болса өмірде құдырет,

Сыйынар ем ана деген тәңірге.

 

Соғыс жұлып кетті үйінің тірегін,

Соғыс бұзды қуанышын, реңін.

Тұрды ана күйеуінен айырылып,

Тұрды құшып тек қана оның күрегін.

 

Қайырмасы.

 

Ақ сүті оның өтеусіз жай қала ма,

Борышты оған небір дарқан дана да.

Тірлік сеуіп келе жатқан дүниеге,

Ей, адамдар, жол беріңдер анаға.

 

Қайырмасы.

 

Тағы да үміт, шек қала ма арманға,

Өмір ынтық ана шөлі қанған ба?

Ана – үміт, ана – жігер, ана – азамат,

Одан берік, одан нәзік жан бар ма?

 

 

 

 

 

 

ӘКЕЛЕР ТУРАЛЫ ОЙ

 

Әні Ж.Сейіловтікі, сөзі А.Шәмкеновтікі

 

Өмірдің көрген талай жол торабын,

Әкеден кім аяйды қолда барын.

Әкенің ақ тілегін өтеу парыз,

Мен бүгін әкемді айтып толғанамын.

 

Ыстық қой кім-кімге де әке деген,

Суыққа шалындырмай мәпелеген.

Өмірдің соқпағымен өрге тартып,

Алдымен адам бол деп жетелеген.

 

Тағдырдың кеуде тосып  жар тасына,

Біз үшін түскен майдан ортасына.

Алаңсыз салып сайран шалқып жүрміз,

Біз бүгін әкелердің арқасында.

 

 

ҰЛЫТАУ

 

Әні Ж.Сейіловтікі, сөзі С.Нәкеновтікі

 

Шіркін менің қандай далам,

Жанарымды алмай қалам.

Сұлулықпен сырлассамда

Сусыныңа қанбай қалам.

 

Қайырмасы:

О, туған жер, нұр далам,

Өзіңді сағынар бір балаң.

 

Ерлік куә ән мұрасың,

Жүрегімде жаңғырасың.

Ұлытауым ұлылықты,

Ұрпағыңа қалдырасың.

 

 

Қайырмасы:

О, туған жер, думанды ел,

Сұңқарсың самғаған ән маған.

 

Алтын ұя қуаныштан,

Арманымды алып ұщқан.

Жаным менің жаралған-ау,

Саған деген сағыныштан.

 

Қайырмасы:

О, туған жер, аңсаған,

Мәңгілік іңкәрмін мен саған.

 

Өткенімнің мұң-әнімін,

Өз елімнің ұланымын.

Егер саған тартпай тусам,

Мен алдыңда кінәлімін.

 

Қайырмасы:

О, туған жер, кең далам,

Өмірлік армансың сен маған.

 

 

 

 

КЕЗДЕСУ

 

Әні Ж.Сейіловтікі, сөзі Т.Молдағалиевтікі

 

 

Кездесеміз, жүздесеміз, біз дәйім,

Кәдімгі жас жігітпенен қыздайын.

Махаббат боп сен тұра бер сәулешім,

Адалдықтың мен де жолын бұзбайын.

 

Екеумізде ыстық сезім бар ондай,

Жылдар бойы іздеп жүрген таба алмай,

Сен де күліп қарсы келе жатасың,

Бақытына тура тартқан адамдай.

 

 

Сен қарайсың жанарыңмен сабырлы,

Алақанда әлдилейсің жанымды,

Кездескенде қайғы да естен шығады-ау,

Кездескенде сәби болам кәдімгі.

 

Күннің өзін күлдіреміз екеулеп,

Нұрлы таңның бақшасында мекендеп.

Қоштасқанда зәрем ұшып қорқамын,

Енді қайтып көрмей қалам ба,- екен деп.

 

 

 

НЕГЕ СОЛАЙ?

 

Әні Ж.Сейіловтікі, сөзі А.Шәмкеновтікі

 

Бір белгі үшін осы өлеңді сыйладым,

Әттең сені басқа жанға қимадым.

Балбыраған жас сәбидің өңіндей,

Көз алдымда тұрар сенің дидарың.

 

Қайырмасы:

Ойлармын мен жарым қалғып жатқанда,

Ойлармын мен оңаша бір шақтарда.

Неге солай жаратты екен адамды,

Айтшы жаным, махаббатта шек бар ма?

 

Аз күн маған көп жыл болып көрінді,

Бір серпілтіп тастадың ғой көңілді.

Сыңғырлаған күлкіңе еріп жүрер-ау,

Қай жақта мен кешсем-дағы өмірді.

 

Қайырмасы.

 

Білмеймін мен бір ай ма, әлде бір апта,

Ұмытарсың мені бір күн бірақ та.

Бір-біріне ынтығады неге адам,

Жауап іздеп жүрші осы бір сұраққа.

 

Қайырмасы.

 

 

 

 

СОЛ ТІЛЕГІМ

 

Әні Ж.Сейіловтікі, сөзі А.Шәмкеновтікі

 

Қанша уақыт кетсе де өтіп аралықта,

Тағдыр бізге осылай жаралып па.

Қайтып қана қос жүрек жараспады,

Еркелік пе, білмеймін балалық па?

 

 

 

Айырылмастай жүруші-ек, сәулем мәңгі,

Естен кетпес сол күнгі дәурен сәнді.

Жанарыңа сусындап жүрмін әлі,

Тек сол ғана қинайды әттең жанды.

 

Қайда, шіркін, алғашқы шаттанған күн,

Бар ойды ортаға сап ақтарған күн.

Айлы түнде билеуші ек келе жатып,

Жетегіне ілесіп тәтті арманның.

 

Әлі есімде сондағы сертің сенің,

Тамылжытып сырыңды шертіп едің.

Енді қайтып ол күндер оралмайды,

Тек бақытты болғайсың сол тілегім.

 

 

 

ЖЕЗКИІК

 

Әні Ж.Сейіловтікі, сөзі К.Салықовтікі

 

Жез қанат күміс бауыр киік көрдім,

Дәруі сол ма дерсің күйік-шердің.

Жез марал жүреді екен арасында,

Мыңдаған бетпақтағы киіктердің.

 

Асықпа, көрейінші жөндеп қана,

Кетпесін, жаңа тиген меңдеп жара.

Ет кесіп өз етімнен берсем дағы,

Жөніңе жіберейін емдеп қана.

 

Жез киік біздің жаққа қалай келдің,

Жолымды тіке кесіп жанай бердің.

Адамның жанарындай екі көзің,

Япырма – ау дәтім шыдап қалай көрдім.

 

Құмарым қайта көріп қанар ма екен,

Ән бітіп салқын жүрек жанар ма екен.

Болмаса суық қолды бір сұр мерген,

Дәл көздеп әлде атып алар ма екен.

                                   

Түс тербеп жаздың мөлдір қысқа таңын,

Тұзақтап жезкиікті ұстатамын,

Баяғы қызыл ішік киген қызға.

Жез камзол сол киікті ұқсатамын.

Сұлуды адам жаны қимайды екен,

Мезгілсіз еске түссе қинайды екен.

Жезкиік сені  аңсаған кездерімде

Мен мынау кең далаға сыймай кетем.

 

 

АЛМАТЫМ ҒАЖАЙЫП ҚАЛАСЫҢ

 

Әні Ж.Сейіловтікі, сөзі А.Шәмкеновтікі

 

Алматым ғажайып қаласың,

Күн сайын жасарып барасың.

Көргенмін сәулетті саяңда,

Ең алғаш көзімнің қарасын.

 

Қайырмасы:

Алматым, нұр құйған жаныма,

Алматым, ризамын бағыңа.

Алматым, гүлдей бер, жасай бер

Менің де, оның да бағына.

 

Алматым, ой салған гүл бағың,

Әр үйің, әр терек, бұлағың.

Қырмызы көгілдір көшеңде,

Қалайда мен оған ұнадым.

 

Қайырмасы.

 

Алматым шарлатып көңілімді,

Кеудеме таққан ең сен гүлді.

Ұмытпан, мәңгіге ұмытпан,

Жұлдызым жарқ еткен сол күнді.

 

Қайырмасы.

 

 

 

 

 

ӘКЕ ДАУЫСЫ

 

Әні Ж.Сейіловтікі, сөзі Т.Молдағалиевтікі

 

Көзіңдегі соңғы жасын,

Сүрте алмадым оны мен.

Оның ауыр жан жарасын,

Таңа алмадым қолыммен.

Жұмарында көзін мәңгі,

Көрген шығар үйді анық.

- Жалғыз ұлым жетім қалды,-

Деген шығар қиналып.

 

Көп сырластым көне күнмен,

Сағыныштан сарғайдым.

Жалғыз соның көмегімен,

Келе жатқан жандаймын.

Өмір шіркін қуантады,

Өмір шіркін қинайды.

Ақ жүзіңді қуартады,

Жүзіңе әжім сыйлайды.

 

Қиналсам да, қуансам да,

Жаныма ылғи әкем кеп:

«Өкінбе ұлым құласаң да,

Еліңе адал ет еңбек»-

Дейді маған, сол дауысқа,

Жалт бұрамын бетімді.

Әке дауысы самғап ұшып,

Бара жатқан секілді.

 

 

 

 

СҮЙІНШІ

 

Әні Ж.Сейіловтікі,  сөзі Қ. Сәдуақасовтікі

 

Бір сөз бар бұрын айтар амандықтан,

Тілеуі бой тұмардай адам ұққан.

Қашанда құпиядай естілсе де,

Жаралған үміттерге адалдықтан.

 

 

Қайырмасы:

 

Сүйінші, сүйінші, сүйінші,

Думанға бөленсін үй іші.

Бүгін бір бас қосып тойлауға,

Бәріңде кешікпей жиылшы.

 

Жаңғырса көңілі шалқып, сайын далам,

Шапқылар жайдақ мініп тайын балаң.

Жүрегі қуаныштан жарылар деп

Алдымен сүйіншілеп дайындаған.

 

Қайырмасы.

 

Үйіңе бір сүйінші ұл әкелер,

Бірімен келін түсіп, құда келер.

Жолаушың аман-есен елге оралып,

Төгілтіп той жасауға тура келер.

 

Қайырмасы.

 

Жақындар жақсылыққа жиылсын деп,

Бақыт пен бағымызға сүйінсін деп.

Жаюлы ақ дастархан төрлетіңдер,

Әндетіп ақ ниетпен сүйіншілеп.

 

Қайырмасы.

 

 

 

ДАЛА ЖОЛЫ

 

Әні Ж.Сейіловтікі, Сөзі А.Шәмкеновтікі

 

Жолға шықсаң далаға,

Жол болсын деп тілерсің.

Жолдасыңды бағала,

Жол қадірін білерсің.

 

Жолдан тайып кетсең сәл,

Жол үстінде түнерсің.

Жолдың жайын біліп ал,

Жыр қып айтып жүрерсің.

 

Жолға шықсаң далаға,

Жолға керек сабырлық.

Жол болар деп қарама,

Жолсыздықтың бәрін күт.

 

Жолда әзір бол бәріне,

Жолда жүрме тарылып.

Жолда сенген әліне,

Жолсыз қалар жабығып.

 

Жолға шықсаң далаға,

Жолдан сабақ аларсың.

Жолда тиын санама,

Жолдан жолдас табарсың.

 

Жолда танып досыңды,

Жолда өзіңде, жанарсың.

Жолда болғай төзімді,

Жолдың үсті саған сын.

 

 

 

 

ДОСТЫҚ САҒЫНЫШЫ

 

 

Әні Ж.Сейіловтікі, Сөзі М.Бояубаевтікі

 

Еске алам достар сендерді,

Арайлап күндер келгенде.

Толқиды-ау көңілім кеудемде,

Сағыныш тербеп кеткенде.

 

Аламын еске  сендерді,

Жазғы бір жайлы кештерде.

Ақырын шайқап гүлдерді,

Самал жел тербеп ескенде.

 

Еске алам достар сендерді,

Тамаша таңдар атқанда.

Жүректі бір саз билейді-ау

Оңаша қалған шақтарда.

 

Еске алам достар сендерді,

Зымырап жылдар өткенде.

Аңсаймын сонау күндерді,

Домбырамды алып шерткенде.

 

 

КӨРІСПЕЙ-АҚ ҚОЯЛЫҚ

 

Әні Ж.Сейіловтікі, Сөзі  А.Шәмкеновтікі

 

Көз алдымда күлім қаққан дидарың,

Жазығым не неге сонша қинадың.

Амал қанша екі айырылды жолымыз,

Амал қанша кете бардың қимадым

 

Қайырмасы:

 

Көз алдымда кейпің бейне –ақ қайың,

Қазір маған көрінеді ол жат қайың.

Көріспей-ақ қоялық нұр бейнеңді,

Сол күйінде сақтайық

 

Қаншама жыл болған да жоқ бір күндей,

Уақыт деген өте берді білдірмей.

Көз алдымда сол баяғы нұр бейнең,

Еске алғанда қоймады ішті күйдірмей.

 

Бәрінен де қол жетпес шынарсың,

Ол кез қайда мүлде өзгерген шығарсың.

Толдың ба әлде жүдеп солдың ба,

Ең жақын бір жанға ұқсап тұрарсың.

 

Қайырмасы.

 

Сөнді  ме әлде ұшқын атқан бір алау,

Қара шашты қырау шалған шығар  - ау.

Уақыт деген мөрін басар сұраусыз,

Өткен күнге әр кім дағы құмар – ау.

 

 

 

 

МАХАББАТ ТАҢЫ  («Алғашқы махаббат»)

 

Әні мен сөзі Ж.Сейіловтікі

 

Бауырым бұл өмірде жолың болсын,

Ауылым бір көңілді жырға толсын.

Алғашқы атқан таңың нұрын төгіп,

Сәулелі атқан таңың құтты болсын.

 

Қайырмасы:

Алғашқы атқан таңың нұрын төгіп,

Сәулелі атқан таңың құтты болсын.

 

Жүрегім қуанышқа бөленеді,

Жыр едің түлеп ұшқан өлең едің.

Сыйладым бақытымды жаным саған,

Болашақ жақсы күн боп көрінеді.

 

Қайырмасы:

Сыйладым бақыт жаным саған,

Құлыншақ жақсы үміт бар.

 

Жалындап жүрегіңде от жанады,

Шаттанып өңіріңде шаттанады.

Көңілің көктем болып гүлге оранып,

Жадырап арманыңның таңы атады.